Абай облысының су объектілері және су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшіліктің демалуына, туризм және спортқа арналған орындарды белгілеу туралы
Абай облысы әкімдігінің 2025 жылғы 20 тамыздағы № 145 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Су кодексінің 125-бабының 4-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабының 1-тармағының 8-1) тармақшасына, Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының 27-бабына сәйкес, Абай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Абай облысының су объектілері және су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшіліктің демалуына, туризм және спортқа арналған орындары осы қаулының қосымшасына сәйкес белгіленсін.
2. «Абай облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күн ішінде мемлекеттік және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының заңнама және құқықтық ақпарат институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Абай облысы бойынша филиалына ресми жариялауға және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің Эталондық бақылау банкіне енгізсін.
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Абай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуы қамтамасыз етілсін.
3. «Абай облысының су объектілері және су шаруашылығы құрылыстарындағы көпшіліктің демалуына, туризм және спортқа арналған орындарды белгілеу туралы» Абай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 1 маусымдағы № 104 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 89-18 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау Абай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.